Әлем

АҚШ қазақстандықтарға иммиграциялық виза беруді тоқтатты

Бұл туралы 14 қаңтарда АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті мәлімдеді.

АҚШ үкіметі 21 қаңтардан бастап бірқатар елдің азаматтарына, оның ішінде Қазақстан тұрғындарына иммиграциялық визаларды рәсімдеуді уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы 14 қаңтарда АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Аталған шешім Дональд Трамп әкімшілігінің бастамасымен қабылданған. Шектеу қойылған елдер қатарында Қазақстанмен бірге Қырғызстан, Армения, Әзербайжан, Молдова, Беларусь, Грузия, Иран, Ресей, Пәкістан, Өзбекстан және өзге де мемлекеттер бар. Жалпы тізімге 75 ел енгізілген.

Қандай визаларға шектеу қойылды?

Бұл шешім туристік, студенттік және өзге де қысқа мерзімді визаларға қатысты емес. Сонымен қатар ірі халықаралық спорттық іс-шараларға, оның ішінде футболдан әлем чемпионатына берілетін визалар бұрынғы тәртіппен рәсімделе береді. Шектеу тек АҚШ-та тұрақты тұруға құқық беретін иммиграциялық визаларға ғана қатысты.

Әдетте Америкаға түбегейлі қоныс аударуды жоспарлаған азаматтар алдымен иммиграциялық виза алып, кейін грин-карта рәсімдеу үдерісінен өтеді.

Шешім не үшін қабылданды?

АҚШ Мемлекеттік департаментінің түсіндіруінше, бұл шара шетелден келетін азаматтардың әлеуметтік және мемлекеттік қолдау жүйесін теріс пайдалануын болдырмау мақсатында енгізілген.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, АҚШ иммиграцияға жарамсыз деп танылған тұлғалардың елге кіруіне шектеу қою құқығын қолданады. Себебі мұндай адамдар мемлекетке қосымша салмақ түсіріп, қоғамдық ресурстарды шамадан тыс пайдалануы мүмкін.

Қашан қайта іске қосылады?

Вашингтон иммиграциялық визаларды қарау тәртібін қайта қарастырып жатқанын мәлімдеді. Дегенмен бұл санаттағы визаларды беру қай уақытта қайта басталатыны әзірге нақтыланбады. Ресми ақпаратқа сәйкес, шектеу уақытша сипатта.