Ұлттық ұлан балалар үйінің тәрбиеленушілерін құттықтады
Қызметкерлер жаңа жылдық тарту сыйлады.
Астана қаласында Жаңа жыл қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметкерлері балалар үйі мен әлеуметтік мекемелерге барып, тәрбиеленушілерге мерекелік көңіл күй мен жаңа жылдық тарту сыйлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтің атынан балаларға генерал-майор Қайрат Үмбетов құттықтау сөз сөйледі. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары бүлдіршіндерге зор денсаулық, оқу-білімде табыс пен жарқын болашаққа сенім тіледі.
Іс-шара аясында ұландықтар арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне жаңа жылдық сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ Ұлттық ұланның Ән және би ансамблі солистерінің қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Өнерпаздардың орындауында көпшілікке танымал жаңа жылдық әндер, соның ішінде ерекше мерекелік көңіл күй сыйлаған Jingle Bells композициясы шырқалды.
Бұдан бөлек, мерекелік концерт Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында да өтті. Әскери қызметшілер мекеме қамқорлығындағы жандарға арналған музыкалық нөмірлер мен жылы лебіздерін арнап, ерекше мейірім мен қамқорлық атмосферасын қалыптастырды.
Мереке қарсаңында балалар үйлері мен әлеуметтік мекемелерге бару Ұлттық ұланның игі дәстүріне айналған. Мұндай шаралар өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды қолдауға, сондай-ақ мейірімділік, өзара қолдау және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған.