Қоғам

Жаңа жыл қарсаңында қызылордалықтар баспаналы болды

Бұл туралы облыс әкімдігі баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорданың сол жағалауында бой көтерген тоғыз қабатты 120 пәтерлік екі тұрғын үйдің кілтін кезекте тұрған отбасыларға табыстау рәсімі өтті.
Оған Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, аудан әкімдері мен арнайы келген делегаттар, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.

Аймақ басшысы жыл алмасар шақтағы жаңалықтарға, құрылыс, оның ішінде тұрғын үй құрылысы саласындағы жетістіктерге тоқталып, жаңа пәтер иелерін қоныстоймен құттықтады.

Рәсімде тұрғын үйді сапалы салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Наурызбай Байқадамов құттықтау лебізін жеткізді. Қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов бата берді.
Еске салайық, 2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды. Кейінгі үш жылда алғаш рет барлық ауданда 1800-ге жуық жаңа пәтер жерлестеріміздің игілігіне айналды. Биыл 3600 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд. 785 млн. теңге бөлінді.
Ерекше атап өту қажет, өткен жылдан бері қаламызда заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.