"Руың кім" комедиясы кинотеатрдан алып тасталды
Бұл туралы картинаны түсірген Tiger Films продюсерлік орталығы ресми түрде жариялады.
Қазақстандық «Руың кім» комедиясы жарық көргеніне бір апта өтпей жатып, елдегі барлық кинотеатрдан алып тасталды. Бұл туралы картинаны түсірген Tiger Films продюсерлік орталығы ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
«18 желтоқсаннан бастап “Руың кім” фильмі еліміздің кинотеатрларында көрсетілмейді. Көрермендерге қолдау білдіргені үшін алғыс айтамыз», – деп жазылған компанияның мәлімдемесінде.
Фильмнің басты кейіпкері Қайрат Әділгерейдің айтуынша, картинаның көрсетілімін тоқтатуға рулық араздық тудыруы мүмкін деген пікірлер әсер еткен.
«Кейбір адам тизерге қарап, фильмнің мағынасын бұрмалап қабылдап жатыр. Негізінде бұл туынды руға бөлінуді емес, бірлікті дәріптейтін комедия. Фильмді соңына дейін көрмей, оның астарлы ойын түсіну қиын», – деді актер әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде.
10 желтоқсанда прокатқа шыққан картина қысқа мерзім ішінде үлкен қызығушылық тудырып, бір аптада 208 миллион теңгеден астам табыс жинаған.
Комедияны Tiger Films түсірген. Бас продюсері – Ерлан Бұхарбаев, сценарий авторлары – Нұржан Еркінұлы мен Жалғас Елеусінов, режиссері – Жұмақан Асет.
Фильмге қатысты пікір екіге бөлінді: көрермендердің бір бөлігі оны қоғамдағы бірлікті дәріптейтін сатиралық шығарма деп бағаласа, енді бірі жекелеген руларға қатысты әзілдер орынсыз деп сын айтты.
Әлеуметтік желіде: «Қай рудың намысына тиді екен?», «Жалайыр мен шапырашты туралы емес шығар» деген пікірлер жазылды.