Ғалымжан Елшібай еңбек жолын табиғаты көркем, туризмге қолайлы Төле би ауданында бастады. Журналистикаға қызығушылығы мектеп қабырғасында-ақ оянған. Бесінші-алтыншы сыныптан бастап аудандық газетке қысқа хабарлар, заметкалар, өлеңдері жарияланып тұрған. Ол кезеңде басылым «Илиш жолы» деп аталған. Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991 жылдан бастап газет «Төле би туы» атауын иеленді. Ауданның өзі де Леңгірден Төле би ауданы болып өзгерді.
1991 жылы 16 жасында мектеп бітірген ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне бірнеше рет құжат тапсырып, тек 1993 жылы студент атанды. Осы аралықта ауылда қалып, колхозда еңбек етті. Мал бақты, жер жыртты. Бұл кезең кейінгі журналистік тақырыптарының әлеуметтік өзегіне айналды.
Аудандық газетте жүріп сол колхоз, совхоздарға барып, материалдар жазатынбыз. Сауыншылар, фермерлер, комбайншылар, мал шаруашылығы жайлы жаздық. Сол кезде очерк жанры кең таралған еді — жеке адамдардың өмірін сипаттау маңызды болды. Қазір мұндай жас журналистер үшін очерк жазатын орта жоқ, жанр да сиреп кеткен, — дейді журналист.
Кәсіби жолын корректор қызметінен бастағанын Ғалымжан Елшібай журналистік мектептің маңызды баспалдағы ретінде бағалайды. Газет мәтінінің тазалығы, стильдік талап пен жауапкершілік осы кезеңде қалыптасты. Кейін тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі сатыларынан өтті.
Жеті жыл аудандық газетте еңбек еткен соң, қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жұмыс істейді. Ал 2002 жылы республикалық «Жас Алаш» газетіне меншікті тілші болып ауысып, оның кәсіби өміріндегі жаңа кезең басталады.
«Менің меншікті тілшілік жолым 2002 жылдан басталды. 2017 жылға дейін “Жас Алашта”, кейін “Егемен Қазақстанда” жұмыс істеп келемін. Қазір Түркістан облысы бойынша меншікті тілшімін», — дейді ол.
Меншікті тілші — өңір мен орталықтың арасындағы негізгі ақпарат көзі. Бұл қызмет аймақтағы әлеуметтік, экономикалық, рухани мәселелерді дер кезінде көтеруді талап етеді.
2011 жылдары республикалық және өңірлік басылымдарда еңбек ететін меншікті тілшілердің басын біріктіру мақсатында «Меншікті тілшілер» клубы құрылды. Бұл бастаманың басында Ғалымжан Елшібай тұрған. Кейін клуб аясында «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі құрылып, оның негізгі құрамын да меншікті тілшілер қалыптастырды. Бүгінде бұл бірлестік журналистердің кәсіби ынтымағы мен тәжірибе алмасуына қызмет етіп келеді.
Ғалымжан Елшібайдың меншікті тілші ретіндегі ең елеулі еңбектерінің бірі — «Шоқының шекпеніндегі үш күн» атты зерттеу мақаласы. Бұл материал 2000 жылдардың басында жарық көріп, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Мақалада журналист кірме діни ағымдардың қазақ қоғамына әсерін зерттеу үшін шоқынушы кейпіне еніп, шіркеулердің ішкі ортасында болып, нақты деректер жинаған.
«Шіркеуге шоқынуға келгенімді айтқан соң, бар құпияларын жайып салды. Бір адамның артынан тұтас отбасының ілесіп кететінін өз көзіммен көрдім», — дейді журналист.
Қазіргі таңда ол діни радикализм мәселесін де жіті бақылап келеді.
«Бүгінгі қауіп — Исламның ішінен шыққан ағымдар. Дін мен дәстүрдің сабақтастығын бұзып жатқан құбылыстар алаңдатады», — дейді ол.
Журналистикамен қатар Ғалымжан Елшібай облыстық мәслихат депутаты ретінде де қоғамдық қызмет атқарып келеді. Бұл екі бағыт бірін-бірі толықтырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру мен шешуде кең мүмкіндік береді.
33 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі журналист өткеніне өкінішпен емес, толысқан көзқараспен қарайды.Бұрын жазылған материалдарға қайта оралып, оларды бүгінгі күн талаптарымен толықтыру — кәсіби дамудың ажырамас бөлігі,-дейді журналист.
Ғалымжан Елшібай үшін журналистика — мамандық қана емес, азаматтық жауапкершілік.
Айжан Шотан
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






