Экономика

Қазақстанда зейнетақы төлемдерін пайдалануға жаңа шектеу енгізілді

Қазақстанда біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға қатысты жаңа тыйым күшіне енді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.

Енді БЖЗҚ-дағы қаражатты офтальмологиялық қызметтерге төлеу үшін қолдануға болмайды. Бұған дейін стоматологияға да шектеу қойылған болатын.

«Отбасы банк» мәліметінше, 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап enpf-otbasy.kz платформасы офтальмология бағыты бойынша өтінім қабылдауды тоқтатады. Ал осы күнге дейін жіберілген өтінімдер толық қаралып, өңделеді.

Тыйым Денсаулық сақтау министрлігінің БЖЗҚ қаражатын емделуге пайдалану ережелеріне енгізген өзгерістерімен байланысты. 3 желтоқсанда жарияланған жаңа құжатта стоматология мен офтальмология зейнетақы жинағын қолдануға болатын қызметтер тізімінен алынып тасталды.

Шектеулерден кейін офтальмологияға сұраныс күрт артқан: банк дерегінше, айына мақұлданатын өтінімдер саны бұрынғыдан 7 есеге көбейген.

Дегенмен, азаматтар БЖЗҚ-ның артық қаражатын орфандық ауруларды емдеу, реконструктивтік операциялар, радиотерапия және протондық терапия сияқты маңызды әрі күрделі ем түрлеріне әлі де пайдалана алады.