Мәжілісмен Бақытжан Базарбек банктер өзіне қысым көрсетіп жатқанын айтты
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзінің атына екінші деңгейлі банктер тарапынан қысым жасалып жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, азаматтарды алаяқтықтан қорғау бағытындағы шараларына байланысты банк секторындағылар оған қарсы шыққан, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Бақытжан Базарбек Instagram-дағы парақшасында бейнежазба жариялады. Онда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қарасты Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өтінішінен кейін Мәжілістің тәртіптік комиссиясына шақыртылғанын айтты. Депутат бұл өтініштің артында Қазақстанның екінші деңгейлі банктері тұр деп есептейді.
"Сен әділдік үшін ашық күресіп, халық мүддесі үшін дұрыс заңдар қабылдағанда, бұл біреулерге ұнамайды – белгілі бір кландарға, қаржылық-өнеркәсіптік топтарға. Біздің жағдайда – бұрын “шоколадта” өмір сүрген және әрі қарай да солай болса дейтін екінші деңгейлі банктер", – деді Базарбек.
Оның айтуынша, аталған өтінішке өзі әріптесі Мурат Әбеновпен бірге ұсынған түзетулер себеп болған. Депутат бұл түзетулерді халықты алаяқтықтан қорғау мақсатында енгізгенін, оларды Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қолдағанын атап өтті.
Базарбектің сөзінше, енді биометрияны растау рәсімі Ұлттық банк арқылы жүргізіледі. Бұл жаңашылдық банктерге ұнамай қалуы мүмкін.
"Иә, менің сөздерім қатаң естілді, бірақ банктер депутаттарға өздеріне тиімді шарттарды таңуға тырысты, бұл маған ұнамады. Енді олар менің әрекеттерімді депутаттық этиканы бұзу тұрғысынан қарауды сұрап отыр.
Меніңше, бұл – тәуелсіз депутатқа қысым көрсету, депутаттық позицияға әсер ету әрекеті. Әрине, біздің түзетулер екінші деңгейлі банктердің коммерциялық мүдделеріне тиіп отыр", – деді ол.
Депутат өзі ұсынған түзетулер Сенаттың қарауына жіберілгенін айтты. Ол заң қайтадан пысықтауға жіберілсе де, оған дайын екенін жеткізді.