Астанада қаржы жымқырған құрылыс компаниясы анықталды
Астанадағы құрылыс алаяқтығы: азаматтар мен компанияға 7,9 млрд теңге залал келтірілді, деп хабарлайды Астана қаласы ҚМА департаменті.
Агенттік «Qyran» тұрғын үй кешенінде жылжымайтын мүлікті сату желеуімен ақша жымқырған құрылыс компаниясының қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізуде.
Тергеу деректері бойынша, сату офисінде сатып алушыларға компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығы барын растайтын макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен анықтамалар көрсетілген. Құрылыс компаниясы азаматтарға пәтерлерді, коммерциялық үй-жайларды және паркинг орындарын нарықтық бағадан төмен сатып алу ұсынысын жасап, мәмілелердің толық заңды екенін айтқан.
Алайда сатып алу-сату шарттары жасалмай, тек брондау шарттары, кепілдік келісімдер мен алдын ала шарттар рәсімделген. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды және сатып алушыларға меншік құқығын бермейді. Жәбірленушілер төлемді қолма-қол және аударым арқылы күдіктілердің жеке шоттарына жасаған, ал бухгалтерлік және банктік құжаттарда бұл операциялар көрсетілмеген. Нәтижесінде азаматтардан 3,8 млрд теңге жымқырылған.
Сондай-ақ, күдіктілер компанияның өз қаражатын ұрлауға бағытталған екінші алаяқтық схемасын да іске асырған. 76 объектінің сатылуынан 4,1 млрд теңге жымқырылған. Құрылыс компаниясы мен азаматтарға келтірілген жалпы залал 7,9 млрд теңгені құрады.
Сот санкциясымен 94 пәтерге, 51 паркинг орнына, 8 коммерциялық үй-жайға және бір автокөлікке тыйым салынды. Үш күдіктінің әрқайсысына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.