Руханият

Жасмина Түзелова ресейлік «Голос. Дети» шоуының финалына өтті

Қатысушылар оған сәттілік пен шығармашылық шабыт тіледі.

Таланты, жігері, табандылығы және жаңа белестерге деген ұмтылысының арқасында «Жас сарбаз» шығармашылық студиясының солисі Жасмина Түзелова ресейлік «Голос. Дети» шоуының 12-маусымының финалына өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жобаға ол үлкен дайындықпен келді. Алғашқы әнін орындағаннан кейін-ақ үш бірдей тәлімгердің назарын өзіне аудартты.

12 жастағы алматылық Жасмина Түзелова Ауған соғысының ардагері Мұратбек Өтеевтің отбасында дүниеге келген. Вокалмен бес жасынан бастап айналысады. Жасына қарамастан, Жасминаның жетістіктері әсерлі.

Сегіз жасында ол ұлттық «Бала дауысы» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. 2023 жылы Жасмина халықаралық «Балалардың Жаңа толқыны» фестивалінің финалында тамаша өнер көрсетті. Ал 2025 жылы Орталық әскери оркестр мен Орталық ансамбль ұжымымен бірге Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Спасск мұнарасы» XVII Халықаралық әскери-музыкалық фестиваліне қатысты. Қызыл алаңда ол аңызға айналған «Әлия» әнін орындап, өзінің энергиясы мен шынайылығымен көрермендерді тамсандырды.

Өткен жексенбі күні елорда халықаралық әуежайында «Жас сарбаз» жасөспірімдер қозғалысының басшылығы, ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық оркестрінің музыканттары және туған-туыстары Жасмина Түзелованы Мәскеуде өтетін байқауға салтанатты түрде шығарып салды. Қатысушылар оған сәттілік пен шығармашылық шабыт тіледі.