Ұлытау мен Түркістан қаласы әкімінің орынбасарлары жауапқа тартылды
Қазақстанда Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамаларын орындамаған.
Қазақстанда Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамаларын орындамағаны үшін 18 лауазымды адам және 4 мемлекеттік орган әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы – жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша нақты кемшіліктер анықталған жағдайда берілетін ресми мемлекеттік құжат. Құжатта нені түзету керек, кім жауапты және қандай мерзімде шара қабылдау керек екені нақты көрсетіледі.
1 қазандағы жағдай бойынша Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамаларын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Ұлытау облысы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Сондай-ақ "Семей" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жауапты қызметкерлері, бірқатар облыстың басқарма басшылары, бірқатар қаланың бөлім меңгерушілері, жекелеген министрліктердің департамент директорларына және тағы басқаларға әкімшілік жаза берілді.
Сонымен қатар 4 мемлекеттік орган жауапкершілікке тартылды.
Олардың қатарында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті, Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті, Қызылорда облысы әкімінің аппараты.
Аталған кезеңде Жоғары аудиторлық палата нұсқамаларының 4 тармағын орындамауға байланысты Ұлытау облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының әкімдіктеріне қатысты сотқа талап қою бастамасы көтерілді. Мәселелер қаралу сатысында.