сәрсенбі, 12 қараша, 2025 20:54

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Үкілі ОМАРОВА: Soile AI – сөйлесудің жаңа жолы

Үкілі ОМАРОВА: Soile AI – сөйлесудің жаңа жолы
Фото: ашық дереккөз
Технология әлемінде жас стартаперлер саны аз емес. Солардың бірі – Үкілі Омарова. Ол жасанды интеллект саласында Қазақстанды халықаралық аренаға танытты.

Soile AI жобасы – сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға арналған ерекше жасанды интеллект көмекшісі. Бұл адамдарға үміт сыйлайтын құрал. Біз әлеуметтік маңызы құрал жасаған жас стартапермен сұхбаттасқан едік.

Жаңа стартапты бастау үшін неге Назарбаев Зияткерлік мектебінен шығу туралы шешімге келдіңіз? Жобаңызды сол мектепте оқып жүріп жүзеге асыруға болар ма еді?

Soile AI идеясы менің НЗМ-нен шыққаннан кейін туды. Маған білім тек кітап пен формула емес. Мен әрқашан project-based learning, яғни жобалар арқылы үйренуді жақсы көрдім. Мектептен шыққаннан кейін дәрігерлер маған терең депрессия диагнозын қойды. Себебі мен көп жыл бойы армандаған дүниеден ерікті түрде бас тарттым. Көп адам: «Сен өз болашағыңды қиып тастадың» деді. Мен қарапайым отбасынанмын, және біз ақылы бөлімге түсе алмайтын едік. Бірақ кейін түсіндім: кейде ескі армандардан бас тарту — жаңа мүмкіндіктердің есігін ашады. Бір есік жабылса, оның орнына жүз жаңа, әлдеқайда жақсы жеңістер күтіп тұрады.

Сол сәт менің жаңа өмірімнің бастауы болды. Сол сәтте «Сөйле» дүниеге келді.

Soile AI идеясы өміріңіздегі тәжірибеге байланысты туған екен. Бұл жобаны аяқтағаннан кейін бірінші болып атаңызға тексертіп көрдіңіз бе? Қысқасы, бұл құрылғының жұмыс істеу процесін айтып беріңізші. Бұл бағдарлама ма, әлде құрылғы ма? Қалай пайдалану керек? Жеке адамның өзі пайдалана ала ма?

Менің атам инсульт алып, ол сөйлей алмай қалды. Біз оның не айтқысы келгенін түсінбейтінбіз. Сол сәт менің бала санамда терең із қалдырды. Мен кішкентай кезімде бұл жағдайдың адамды тек физикалық емес, рухани тұрғыда да қаншалықты қажытатынын көрдім. Біздің технология — бұл бағдарлама (www.soile.net), яғни сайт, қосымша және Telegram-бот. Қолданушы біздің ЖИге кіріп, ең бірінші тілді таңдайды (қазақша, орысша, ағылшын, өзбекше, қырғызша), дыбыстық хабарлама жібереді, ал біздің жасанды интеллект бірнеше секунд ішінде оны анық әрі түсінікті етіп қайта жаңғыртады: адаптивті аудио нұсқасын және мәтін түрінде жібереді. Және ең маңыздысы — біз әлемде бірінші болып дефектті сөйлеуді анықтайтын жасанды интеллект жасадық. Бұл тек технология емес, бұл адамдарға үміт сыйлайтын құрал. Сонымен қатар, біз дәрігерлерді цифрландыру процесін бастадық. Бұл — адам нағыз логопедпен видеоқоңырауда отырғандай әсер алады, бірақ шын мәнінде ол — сол дәрігердің цифрлық егізі. Осылайша, пациент тәулігіне 24 сағат бойы жаттығу, кеңес және қолдау ала алады.

Жаңа өніміңізге 14 жеке клиника мен бір шешендік мектеп қызығушылық танытыпты. ТМД елдерінен 58 логопед қолдап отыр. Енді сол өнімге байланысты  олармен бірлесе отырып жұмыс істеп көрдіңіз бе?

Мен өзім клиникаларға хабарласып, жобамды таныстырдым. Көпшілігі қызығушылық білдіріп, тестілеуге келісім берді. Қазірдің өзінде кей клиникаларда пилоттық сынақ жүріп жатыр. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе, себебі нақты науқастармен жұмыс істеу — ең маңызды кезең. Сонымен қатар, мен Қазақстандағы №1 медициналық жоғары оқу орны — С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің технопаркінің резиденті атандым. Бұл менің ғылыми және клиникалық дамуға жасаған үлкен қадамым болды. Жақында мен Ташкент мемлекеттік медицина университетіне барып, жобамды Өзбекстан және Қазақстан Денсаулық сақтау министрлеріне, сондай-ақ екі елдің медициналық университеттерінің ректорларына таныстырдым. Өзбекстан жобамды жылы қабылдап, олардың нарығына шығу үшін ресми қолдау білдірді.

Қазір бұл жоба біз білетін нақты клиникаларда қолданылып жатыр. Олар бұл жоба туралы қайдан есітіпті? Өніміңізге жарнама жасадыңыз ба?

Иә, қазір жоба нақты жеке клиникаларда қолданылып жатыр. Мен өзім әр клиникамен жеке сөйлесіп, жобаны таныстырдым. Сонымен қатар, мен жиі халықаралық конференцияларда және форумдарда сөз сөйлеймін, дәл сол жерлерден серіктестер мен жаңа мүмкіндіктер табамын. Біздің өнімге арнайы жарнама жасаған жоқпын. Шын мәнінде, ең жақсы жарнама — бұл нәтижелер мен адамдардың сенімі.

Бұған дейін де бірқатар жобаларды жасап шығыпсыз. Нақтырақ, Kazakh Discover, EcoSemey, AgroSpace қандай әлеуметтік немесе практикалық мәселелерді шешуге бағытталған? Арасында іске қосылғаны бар, қосылмағаны бар. Бәрінің бірдей іске қосылуына не кедергі деп ойлайсыз?

Мен Soile AI-ға дейін бірнеше жобалар жасағанмын. Сол жобалардың әрқайсысы мен үшін үлкен мектеп болды. Бірақ ол кезде мен әлі кішкентай едім. Кез келген жобаның табысы тек идеяға емес, адамның ішкі ниетіне, оның жүрегінің тазалығына да байланысты. Ал Soile AI — мүлде басқа. Бұл — менің жеке ауыр тәжірибемнен туған жоба. Бұл жолы мен барлығын жүрегіммен жасадым. Сол себепті ол нағыз сұранысы бар, адамдарға шын көмек беретін өнімге айналды.

Стартап жасауда алғаш рет сәтсіздікке ұшыраған кездеріңіз болды ма?

Менің жолым оңай болған жоқ. Әсіресе, қыз бала үшін, әлі жас стартапер ретінде бұл салада өз орныңды табу өте қиын. Біздің өңірде көп адам әлі күнге дейін әйел адам технология, жасанды интеллект сияқты күрделі бағытта бірдеңе жасай алады деп сенбейді. Басында көпшілік менің жасым мен тәжірибемді күлкі етті. «Сенде тәжірибе жоқ», «Біреу жасап берген шығар», «Ондай үлкен мақсат қойма» деген сөздерді естіп өстім. Қазір мен ондаған халықаралық марапаттардың иегерімін, Қазақстанды халықаралық аренада таныстырып жүрмін. Соңғы айда 2 премия ұтып алдым. Heart of Impact марапатының Орталық Азиядағы жеңімпазымын, сонымен қатар Tech Impact Awards халықаралық премиясының Startups & Product Development саласында жеңіске жеттім. Бүгінде мен өз тәжірибеммен бөлісіп, басқа жастарға ментор болып келемін. Себебі стартап – түзу жол емес, ол құлаудан тұратын өрлеу екенін білемін. Егер сәтсіздіктер болмаса, биікке көтерілу де болмайды. Мен әр жеңілісіме қуанышпен қараймын, өйткені олар маған кез келген жеңістен артық тәжірибе берді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар