Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге маңызды ескерту жасады
Жолда жылдамдық пен арақашықтықты сақтау қажеттігін ескертті.
Ішкі істер министрлігі ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілер мен жолаушыларға маңызды үндеу жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ведомство өкілдері көлікті қыс мезгіліне дайындап, жолда жылдамдық пен арақашықтықты сақтау қажеттігін ескертті.
– Құрметті азаматтар! Алдағы күндері ел аумағында ауа райының нашарлауы күтіледі: қар жауып, көктайғақ болып, жел күшейіп, жолдарда көріну деңгейі төмендейді.
Ішкі істер министрлігі барлық жүргізушілерді барынша мұқият болуға және көліктерін алдын ала дайындауға шақырады:
дөңгелектерді, тежегіш жүйесінің жағдайын, техникалық сұйықтықтардың деңгейін және қажетті қысқы жабдықтардың бар-жоғын тексеріңіздер.
Әсіресе жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын және қалааралық жолдарға шығатын жүргізушілерге айтарымыз: жылдамдық режимін, арақашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтаңыздар.
Өз өмірлеріңіз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін сақтаңыздар. Жолдағы қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады, - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Айдын Оразбаев.