Түркістан облысында 5 сыныптың баласы қайтыс болды
Шардара аудандық білім бөлімі тергеу басталғанын хабарлады.
Өткен аптада Шардара қаласындағы Қасым Аманжолов атындағы мектепте қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 5-сынып оқушыларын далаға шығарған. Бұл бірінші тоқсанның соңғы сабағы еді. Сол кезде 11 жастағы Арнұр Көшербай есімді оқушы мектеп стадионының қоршауына шығып, тайып кетіп, ағашқа құлап, ауыр жарақат алған.
«Стадионда бала қоршауға шығып, түсе бастағанда жіңішке ағашқа ілініп қалды. Сырт көзге ешқандай қауіпті нәрсе байқалмады – қан да, көзге көрінерлік жара да болған жоқ. Дегенмен, баланы бірден ауруханаға апардық», – мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Нұргүл Қалдарбекова.
Дәрігерлер баланың қуық тұсынан ауыр жарақат алғанын анықтап, операция жасады. Алайда отадан кейін баланың жүрегі тоқтап қалды. Арнұрды жер қойнына тапсырды. Ата-анасы әзірге түсініктеме беруден бас тартқан.
Шардара аудандық білім бөлімі тергеу басталғанын хабарлады. Полиция қылмыстық іс қозғады.
«Мұғалім әзірге жұмысын жалғастырып жүр, бірақ прокуратура ұсыныс енгізді. Келесі аптада тергеу аяқталғанға дейін педагог қызметінен уақытша шеттетіледі», – деді білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева.
Әріптестері ұстазды қорғап отыр. 34 жастағы мұғалім бұл мектепте он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді және осы уақыт ішінде оған қатысты ешқандай шағым түспеген.