«Жайлы мектеп» жобасын ұстап тұрудың өзіне қазір 54 млрд теңге жетіспейді – Елнұр Бейсенбаев
Мәжілісте 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралды.
Республикалық бюджет – жай қаржы жоспары емес, алдағы үш жылдағы даму траекториясын айқындайтын құжат. Бірақ қарызға тәуелділік, квазисектордың тиімділігі, тариф пен ашықтық проблемалары бұл траекторияны бұрмалап отыр.
Мәжілістің жалпы отырысында «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы қаралды. Отырыста «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев алдағы үш жылдың бюджетіне қатысты басты сын-қатер мен басымдықтар туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, республикалық бюджет жай қаржы жоспары емес, елдің үш жылдық даму траекториясын айқындайтын құжат. Сондықтан қарыз жүктемесін тежеу, квазимемлекеттік сектор табысының ашықтығын қамтамасыз ету, өңірлік инфрақұрылым жобаларын тоқтатпай қаржыландыру және монополиялар тарифі бойынша тәртіп орнату қажет.
2028 жылға қарай жалпы мемлекеттік борыш 57,5 трлн теңгеге жетеді, оған қызмет көрсету шығындары 4,5 трлн теңге болады. Бұл – бюджет шығыстарының шамамен 15 пайызы. 2026 жылға қарай квазимемлекеттік сектор борышы 70 млрд долларға дейін өсіп, ЖІӨ-нің 20,5 пайызына теңеседі. Депутат бұл тәуелділік экономикаға төнетін қатерді күшейтетінін айтты.
«Самұрық-Қазына» дивидендтерінің 50 пайызы бюджетке аударылуы заңмен бекітілгеніне қарамастан, шамамен 500 млрд теңге көлеміндегі бұл түсім жобада анық жазылмай отыр. Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингін жыл сайын 1 трлн теңгеге капитализациялау ұсынысына негіздеме жетіспейді. Депутаттың пайымдауынша, бұл қаражат өңірлердегі тапшылықты жабуға бағытталса тиімдірек болар еді, сондықтан әр теңге Мәжіліспен нақтылануға тиіс.
Жоғары есеп палатасының қорытындысы бойынша 2,5 трлн теңге көлемінде жүйелі мәселе анықталған. Құжаттардың сәйкессіздігі, жобалық-сметалық құжаттаманың дер кезінде дайындалмауы, асыра жоспарлау мысалдары келтірілді. Соның ішінде Еңбек министрлігінде 45,7 млрд теңге артық жоспарлау, денсаулық сақтау саласында 52,4 млрд теңге артық шығын қарастырылған.
«Ауыл – ел бесігі» жобасын аяқтау үшін келесі жылы 183,4 млрд теңге қажет, бірақ бұл қаражат бюджетте көзделмеген. Үкімет 2026 жылғы даму бюджетін екі есеге қысқартты, тапшылық шамамен 1,9 трлн теңгені құрайды. Биыл басталып, 2026 жылы аяқталуға тиіс жобалар бойынша 878 млрд теңге қарастырылмаған.
«Жайлы мектеп» жобасын ұстап тұрудың өзіне қазір 54 млрд теңге жетіспейді. Бұл білім инфрақұрылымының сапасына тікелей әсер етеді.
Көптеген монополистердің 750 қызмет түрі бойынша тарифтері мемлекет тарапынан реттелмейді. Инвестицияға айырбасталатын тарифтік жобалар негізінен мемлекет жағынан жүрсе, компаниялар реттелмейтін қызметтерді қымбаттату арқылы қосымша табыс алып отыр. Депутаттың айтуынша, бюджетке қосымша кіріс дәл осы салада ізделуі қажет.
Елнұр Бейсенбаев бюджет тұрақтылығының да дәлелдерін келтірді: 2024 жылы кірістер 44 млрд доллардан асты, әлеуметтік міндеттемелер жыл сайын шамамен 1 трлн теңгеге индекстеледі, халықаралық резервтер 57 млрд долларға, Ұлттық қор активтері 62 млрд долларға жетті. Дегенмен, инфляцияның жоғары болуы мен тариф саясатына қатысты сын-талаптар сақталып отыр.
Фракция жетекшісі әлеуметтік міндеттемелерді тоқтатпау үшін бюджет жобасын қолдауға шақырды, бірақ қолдаумен қатар ашықтық пен тиімділікті арттыратын нақты индикаторлар мен жауапкершілік тетіктерін енгізуді ұсынды.