Әйгерім Сәттібаева ұлттық құраманың жаңа көшбасшысы атанды
15 жылдан кейін қайта жеңіске жетіп отыр.
Боксшы Әйгерім Сәттібаева 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, ұлттық құраманың жаңа көшбасшысы мәртебесіне ие болды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz сайты penalty.kz сайтына сілтеме жасап.
«15 жылдан кейін қайта жеңіске жеттім»
Әйгерім Сәттібаева өз жеңісінен кейінгі қуанышын жасырмады:
«Қазақстан халқын сәлемдеймін! Өздеріңіз көргендей, мен жеңіске жеттім. Әрбір жекпе-жегім оңай болған жоқ. Үйде мені күтіп отырған балаларыма және отбасымның сенімін ақтағаныма қуаныштымын.
15 жыл үзілістен кейін Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атану – мен үшін үлкен толқу мен қуаныш», – деді боксшы.
Чемпионатқа дайындық барысында Әйгерім 51 келі салмақ дәрежесінде Таразда өткен үш жекпе-жекте жеңіске жеткен. Бұл жарыстар оның ұзақ үзілістен кейін рингке қайта оралуының алғашқы кезеңі болды.
«Осыдан кейін жеке бапкеріммен бірге екі апталық оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдым», – дейді Сәттібаева.
Әйгерім Сәттібаева Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі болып екі жыл бойы тұрақты түрде өнер көрсетіп келеді.
«Біздің салмақта бұрын бірінші нөмір – Назым Қызайбай еді. Ол спорттан кеткеннен кейін мен сол орынды иелендім. Соңғы екі жылда ешбір оқу-жаттығу жиынын, турнирді қалдырмай қатыстым. Бас бапкер Елдос Сайдалин жіберген барлық жарыстарда тәжірибе жинадым. Енді өзімді толық дайынмын деп есептеймін», – деді боксшы.
Финалда Әйгерім 48 келі салмақта Алматы облысының өкілі Әнел Құдайбергенді 5:0 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Әйгерім Сәттібаева — бес баланың анасы. Ол өзінің жеңісін балаларына арнап, аналық пен спортты қатар алып жүру мүмкін екенін дәлелдеді.