Ақмолада әкесі мен баласы үш баланы өрттен аман алып шықты
Қазір зардап шеккен отбасыға материалдық көмек көрсетіліп жатыр.
Ақмола облысында Біржан Сал ауданына қарасты Үлгі ауылында болған өрт кезінде әкесі мен баласы үш баланы ажал аузынан аман алып шықты, деп хабарлайды turkystan.kz сайты “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.
Оқиға көпбалалы ана Юлия Черкасскаяның үйінде болған. Өрт шыққан сәтте үйде оның бес баласы болған. Екеуі өздігінен сыртқа шығып үлгерсе, қалған үшеуін ауыл тұрғындары Ерлан Тоқсанбаев пен оның ұлы Мирас от жалынан құтқарған. Мирас Тоқсанбаев болашақ құтқарушы болуды армандайтын жасөспірім. Ол әкесімен бірге санаулы минуттар ішінде лапылдап жанып жатқан үйден үш баланы аман алып шыққан.
Балалар құтқарылғаннан бірнеше минут өткен соң үйдің ішінде қалған газ баллондары жарылып кеткен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына дер кезінде жетіп, жалынды толық сөндірді.
Құтқарушылардың мәліметінше, өрттің шығуына қысқа тұйықталу себеп болған. Ерлан мен Мирас Тоқсанбаевтардың батыл әрекетінің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ.
"Ерланның іс-әрекетін шынайы ерлік деп бағалаймын. Ол өз өмірін қатерге тігіп, балаларды жалын ішінен алып шықты. Мұндай жағдайлар жиі кездескенімен, әркез осылай дер кезінде көмек көрсету мүмкін бола бермейді", – деді Біржан Сал ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Денис Шелкоплясов.
Өрт кезінде балалардың анасы қатты шошығанын, бірақ бәрінің тірі қалғанына шексіз шүкіршілік ететінін айтты.
Қазір зардап шеккен отбасыға материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар Ерлан мен Мирас Тоқсанбаевтарды мемлекеттік наградаға ұсыну мәселесі қарастырылып жатыр екен.