Әлеумет

Астанада мұрнына ота жасатқан қыз қайтыс болды

Клиника лицензияны тек 17 маусымда, яғни пациенттің қазасынан кейін ғана алған.

Астана қаласындағы жеке клиникалардың бірінде мұрын қалқасын түзетуге арналған жоспарлы операциядан кейін Ақтау тұрғыны қайтыс болды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.

Lada.kz дерегінше, әйел 2025 жылдың 3 маусымында септоринопластика процедурасынан кейін көз жұмған. Ұлының айтуынша, анасы тыныс алуда қиындық көріп, мәселені шешу үшін ота жасатуға шешім қабылдаған.

Белгілі болғандай, операцияны биыл сәуір айында Қостанайдың 22 жастағы тұрғынына дәл осындай ота жасаған сол дәрігер жүргізген. Ол кезде де пациент комаға түскен.

Марқұмның туыстары дәрігерді кәсіби міндетін дұрыс орындамау салдарынан адам өліміне әкелгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 10-16 шілде аралығында “Medina Plastic Surgery” клиникасына жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 3 маусымдағы операция кезінде медициналық мекеменің пластикалық хирургия, анестезиология, нейрохирургия және стационарлық көмек көрсетуге лицензиясы болмағаны анықталды.

Клиника лицензияны тек 17 маусымда, яғни пациенттің қазасынан кейін ғана алған. Өлім фактісі туралы министрлік 3 шілдеде, туыстарының арызынан кейін білген.

28 тамызда клиниканың лицензиясы толық жойылып, тексеріс материалдары процессуалдық баға беру үшін Астана қаласының полициясына жолданды.