Руханият

"Димаш Құдайберген – ғаламат вокалдық диапазон иесі": Димаш туралы шетелдік БАҚ не дейді

Димаш Құдайберген концерт залын адамзатқа үндеу жолдайтын ерекше даусымен таңғалдырды.

Димаштың Мексикадағы алғашқы жеке концерттері тек әншінің жанкүйерлері арасында ғана емес, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының да зор қызығушылығын тудырды, – деп жазды Oimaqnews.kz  dimashnews.com-ға сілтеме жасап.

Алғашқы концерт қарсаңында «adn Noticias» телеарнасы Димашты арнайы сұхбатқа шақырды. Бағдарлама жүргізушісі Габриэль Эрнандес көрермендермен өз әсері туралы айтып, былай деді:

Бірінші концерттен кейін Televisa Espectáculos телеарнасы өз репортажында ерекше пікір бөлісті:

«Димаш Құдайберген концерт залын адамзатқа үндеу жолдайтын ерекше даусымен таңғалдырды. Әлем мойындаған оның әуендері бір арнаға жиналған ондаған мың көрерменнің жүрегін тербетті. «Stranger» («Бейтаныс») деп аталатын турына қарамастан, Димаш мексикалықтар үшін бөтен емес. Көрермен оны ерекше ықыласпен, шынайы сүйіспеншілікпен қарсы алды. Екі сағаттан астам уақыт бойы сахна нағыз музыкалық ғибадатханаға айналды. Бұл жай ғана концерт емес, шынайы өнердің, сиқыр мен рухани толғаныстың алаңы болды. Димаш әсерге бөленіп, мексикалық көрермендерге испан тілінде алғысын білдірді. Көптеген костюм ауыстырулар, алып экрандар мен хореографиялық топтың қатысуы арқасында шоу көрерменді тілдік және мәдени шекаралардан асып өтетін мультисенсорлық сапарға жетеледі. Себебі, турдың атауы «Stranger» болса да, оның музыкасы әлемді бірлікке шақырып, адамзатты адамгершілікке баулып, көрермен жанын терең тебірентеді».

Мексиканың беделді El Economista Mexico газеті «Димаш Құдайберген Мексикада: музыка: Қазақстанмен мәдени және дипломатиялық көпір» атты мақаласында концерттердің маңызды мәдени және геосаяси қырларына тоқталды:

Қазақстан елшілігімен кездесу барысында «Димаштың әр концерті – мәдени алмасу. Оның өнері арқылы мексикалықтар Қазақстанның тарихы мен рухына жақындай алады» деп атап өтілді.

«Димаш феномені» мәдени ықпалдың, яғни жұмсақ күштің, саяси және экономикалық байланыстардан тыс екі ел арасындағы достықты нығайтудың жарқын мысалына айналды.

Қазақстан үшін бұл Латын Америкасындағы гастроль тек мәдени таныстырылым емес, сонымен қатар, өзінің музыкалық алуандығы мен орындаушылық дәстүрлерімен танылған Мексикамен шығармашылық диалог орнатуға бағытталған маңызды қадам».

Marie Claire México журналы «Жұлдыздар» айдарында мынадай сұрақ қояды да, сол сұраққа өзі былайша жауап береді: «Димаш Құдайберген кім? Мексиканы өз өнерімен баурап алған қазақ әншісі».

Мақала Димаштың Мексикадағы екінші концерті қарсаңында жарық көрді.

Тағы бір мексикалық Es Ahora AM басылымда «Мексика оны жанымен қабылдады»: ғажайып дауысының арқасында шекараларды жойған Димаштың концерті» атты мақалада Димаштың мексикалық көрермендерге берген ерекше сыйын атап көрсетеді:

«Димаш «Bésame Mucho» әнін орындағанда, бүкіл Мексика таңданысын жасыра алмады. Бұл жай ғана кезекті кавер емес еді — бұл нағыз құрмет, музыкалық трибьют болды. Алты октаваны қамтитын дауысы бұл әнді мүлде жаңа деңгейге көтерді. Вокал маманы Сеси Довердің бұл орындауға: «Бұл ән, сірә, дәл соған арнап жазылғандай» — деген пікірі желіде тез тарап, вирусқа айналып кетті».