Әлеумет

Түркістандықтар тіккен сәукеле Гиннестер кітабына кірді

Халықаралық  Global Book of Records  рекордтар кітабына еніп, арнайы сертификат табысталды.

Түркістанда тігілген ең үлкен сәукеле Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді. Әйелдерге арналған ұлттық баскиімнің биіктігі 5 метрден асады, ал жабуы 600 метр, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz. сайтына сілтеме жасап.

Сонымен қатар сәукеле халықаралық  Global Book of Records  рекордтар кітабына еніп, арнайы сертификат табысталды.

Тарихи сәтте Түркістанға Қазақстанның рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов арнайы келіп, сәукеленің рекордтық мәртебесін ресми түрде жариялады. Ол әлемде мұндай үлкен баскиімді ешкім жасамағанын атап өтіп, жобаны Гиннесстің үшінші әлемдік рекордтар кітабына енгізу үшін тіркеу басталғандығын айтты.

Жоба авторы Ақмарал Дауылбаеваның айтуынша, ұлттық баскиім – бұл киімнің элементі ғана емес, халық бірлігі мен рухани сабақтастықтың айнасы.

«Сәукелеміздің биіктігі көкпен таласып, шыңмен тіресіп тұрсын дедік. Сондықтан оны 5 метр 20 сантиметр етіп жасадық. Ал ою-өрнегін терең мағынамен көмкеруді жөн көріп, сәукеленің кейпінен Жер-Ананың бейнесін жасадық. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен Ана – өмірдің мәңгілігін, тіршіліктің түп-тамырын білдіреді. Сол себепті оюын өмір ағашы бейнесінде өрнектедік», – деді жоба авторы.