Қоғам

"Миллионмен декретке": Ақтөбеде екі келіншек алты жылға сотталды

Олар "Миллионмен декретке" онлайн курсынан өткенін айтады.

28 жастағы және 39 жастағы екі әйел жеке кәсіпкерлер ретінде жұмыс істеп, бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізумен айналысқан, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, олар декретке шыққан әйелдерді ондаған жалған ЖШС мен ЖК-лерге жұмысқа орналасқандай етіп тіркеген. Ол үшін сотталушылар ЭЦҚ арқылы Salyk.kz сайтында 910.00 нысаны бойынша салық есептілігін тапсырып, ресми жұмыс істеп жатқандай көрініс жасаған. Шын мәнінде әйелдер еш жерде жұмыс істемеген, бірақ жүктілік пен босануға, сондай-ақ бала күтіміне байланысты төлемдер алған.

Тергеу барысында анықталғандай, сотталғандардың бірі «Декретке миллионмен» атты онлайн-курстан өтіп, кейін бұл схеманы танысына ұсынған. 2023 жылдан 2024 жылға дейін олар ондаған әйелге жалған құжат рәсімдеп, миллиондаған теңге көлемінде декреттік төлем алуға көмектескен. Мемлекетке келтірілген шығын 98 миллион теңгені құрады.

Сот екеуін де ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп танып, алты жылға абақтыға қамау жазасын тағайындады. Алайда ҚР ҚК-нің 74-бабына сәйкес үкімді орындау бес жылға, яғни сотталушылардың балалары 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды.