"Балаларымның жеңісіне қуанам, толқимын": Сабырхандар отбасында үлкен қуаныш
Жігіт ағасы спортшыларды өсіру үшін жұмыс талғамадым дейді.
Ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандардың туған ауылы Шымкенттің іргесіндегі Маятас елді мекенінде екі күннен бері үлкен қуаныш. Қос чемпионның ата-анасы Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында балаларының жеңісіне қалай қуанғандарын айтып берді.
Бір күнде екі ұлы әлем чемпионы болған Айдархан Сабырханның қуанышында шек жоқ. Жігіт ағасы спортшыларды өсіру үшін жұмыс талғамадым дейді. Бүгінде әлемді мойындатқан оғландардың жағдайын жасаймын деп үш бірдей жерде жұмыс та істеген. Айдархан Сабырхан бұл жарыста әсіресе, Төреханға жанкүйер болғанын жасырмайды. Теледидарға кіріп кетуге шақ қалдым деген Махмұд мен Төреханның әкесі 19 жастағы ұлының қарсыластары осал болмады дейді. Тәжірибелі боксшылармен жұдырық түйістіргеніне қарамастан жеңіске жеткенінде көз жасына ерік беріпті.
Чемпиондар отбасында 5 баланың барлығы бір-біріне қамқор. Анасының айтуынша, Англияда атой салып, ақтық сынға жолдама алған боксшыларды қолдауға туған-туыс түгел жиналған. Алайда өзі жүрегі дауаламай, көрші бөлмеде тілекші болғанын жеткізді.