Жұмыссыз қазақстандықтарға мемлекет ақша беріп жатыр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айрылғандарға не істеу керектігін және төлемді қалай алуға болатынын түсіндірді.
Еңбекминінің дерегінше, 264 мыңнан астам адам жұмысын жоғалтуына байланысты төлем алды. Әрбір адамға барлық айда төленген төлем орта есеппен 317 мың теңгеден келеді.
Бірақ Еңбекмині бұл төлем жұмыссыздардың бәріне бірдей төленбейтінін, тек жұмыс істеген кезде жұмыс берушісі немесе өзі МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымды тұрақты аударып тұрған азаматтарға ғана берілетінін ескертті.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алып тұра алады.
Бұл төлем жұмысшының жоғалтқан жалақысын толық өтемейді: еңбекақысының 45%-ына дейінгі мөлшерін ғана құрайды және МӘСҚ арқылы төленеді.
Бұған қоса, егер азамат бірнеше жерде қатар жұмыс істесе, оның бәрінен МӘСҚ-ке тұрақты түрде әлеуметтік аударым аударып тұрса және кейін соның бір-екеуінен айрылып, жалғыз жұмысымен қалса, жоғалтқан табысын аталған қор бәрібір өтемейді. Бұл төлем тек барлық жұмысынан айрылса ғана ұсынылуы мүмкін.
Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскер мынаны жасауы қажет:
• eGov.kz порталында авторизациялануы;
• "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдауы;
• онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберуі керек.
Содан соң өзіне тиесілі төлемді бірден ала алмайды. Бір күн ішінде тұрғылықты жеріндегі мансап орталығы (бұрынғы Жұмыспен қамту орталығы) хабарласып, бос жұмыс орындарының бірін таңдауды ұсынады.
Соның ішінен бір-екі жұмыс берушіге барып, көрінуі керек. Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі. Қажет болған жағдайда сізге Мансап орталығының қызметкері қосымша ақпарат алу үшін хабарласады.
Министрлік бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болатынын мәлімдеді.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер өзінде болса, онда Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта, өтініш берушінің жүгінуін күтпей, алдын ала "МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу" үшін оның мобильді телефонына SMS-хабарлама жібереді. Егер адам соған келіссе, келген SMS-хабарламаға барынша жылдам жауап беруі қажет. Онда төлем автоматты түрде тағайындалады.
"Учет.kz" сарапшыларының нұсқауынша, бұл төлемді алу үшін адам ең алдымен, "жұмыссыз" ретінде тіркелуге тиіс. Мұны:
• Мансап орталығында,
• "Электронды Үкімет" портал арқылы,
• Электронды еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы жасауға болады.
Сарапшылар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы тіпті өзін жұмыс берушісі жұмыстан теріс себептермен қуып жіберсе де, аталған әлеуметтік төлемді алуға құқылы екенін жеткізді.
Төлемнің мөлшері келесі формула бойынша есептеледі: әлеуметтік төлем = соңғы 24 айдағы орташа айлық табысы х Табыстың 45%-ын өтеу коэффициенті х Жүйеге 6 айдан көп қатысу өтілінің коэффициенті.
Жұмыс істейтін азаматтарға сарапшылар арагідік әлеуметтік төлемдерінің толыққанды әрі уақытылы төленіп тұрғанын тексеріп қоюға кеңес береді. Өйткені егер үзіліс болса, бухгалтерия ай сайын тұрақты аудармаса, бұл кейін төлем тағайындауға кедергі болуы мүмкін.
Әлеуметтік аударымдардың дұрыстығын "Электронды Үкімет" порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.
Жалпы, қазіргі кезде Үкімет еңбекпен қамту саласында реформа жүргізіп жатыр. Оның аясында енді жұмыс берушілер шетелдіктерді жұмысқа алмас бұрын тиісті кадрларды Enbek.kz порталынан іздеуге міндеттеледі. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап, шетелдік жұмыс күшін тартудың жаңа тетігі қолданысқа енгізілді.
Ол нені қарастырады?
Біріншіден, шетелден жұмысшы тартпас бұрын қазақстандық жұмыс берушілерді қажетті кадрды ішкі нарықтан, қазақстандық еңбеккерлер арасынан іздеуге міндеттейді. Бұл үшін жұмыс беруші алдымен вакансияның ашылғаны туралы хабарламаны Enbek.kz электронды еңбек биржасында жариялауға тиіс.
Екіншіден, егер Enbek.kz арқылы қажетті маманды іздеу еш нәтиже бермесе, онда хабарландыру орналастырылғаннан бастап 15 күнтізбелік күн өткен соң жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру туралы Еңбекминіне өтінішпен жүгіне алады.
Өтінішті ол орналастырылған бос жұмыс орны туралы хабарламаның кодын көрсете отырып, eGov.kz, elicense.kz, migration.enbek.kz жүйелері арқылы бере алады.
Үшіншіден, қоса берілген құжаттарымен бірге құжат автоматты түрде тексеруден өтеді. Жасанды интеллект оны мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтермен салыстырады. Осы арқылы адами фактордың ықпалы азайтылған және бұрынғыдай комиссияның қатысып, шешім қабылдауы енді талап етілмейді.
Биылғы күздің алғашқы күнінен бастап күшіне енген тағы бір жаңалық: жұмыс берушілер шетелдік жұмысшылармен, соның ішінде релоканттармен де бекіткен еңбек келісімшарттары туралы ақпаратты "Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне" енгізуге міндеттелді.
Бұрын жұмыскерлермен жасалатын еңбек шарттарының мәліметтерін аталған жүйеге енгізу жұмыс берушілердің міндетіне жатпайтын, ерікті іс болатын.
Бірақ 2020 жылдың 4 мамырындағы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңымен Еңбек кодексіне түзетулер енгізілді.
Яғни, содан бері жұмыс берушілер еңбек шартын жасасу, тоқтату, тараптардың реквизиттері, белгілі мамандық, кәсіп, біліктілік немесе қызмет бойынша жұмыс ауқымы, жұмыс істеу орны, еңбекшартының мерзімі, жұмыстың басталу уақыты, шарт жасасу мерзімі мен реттік нөмірі туралы мәліметтерді электронды түрде Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге міндетті болып табылады.
Бұрын бұл міндет қазақстандық жұмыскерлерге қатысты болып келсе, енді жүйеде шетелдік кадрлармен жасалған еңбек келісімшарттары да есепке қойылатын болады.
Сондай-ақ жұмыс берушілер бұдан былай төл шетелдік жұмысшысының қазақстандық ЖСН-ді (жеке сәйкестендіру нөмірін) алуын қамтамасыз етуге тиісті.
Осылайша, Еңбекминінің сендіруінше, бос жұмыс орнына кандидат таңдауда 15 күндік өтпелі кезең Қазақстан азаматтарының басымдықты түрде жұмысқа орналасу мүмкіндігін күшейтеді.