Ботай рухы мен Мағжан мұрасы – Түркі әлемін біріктіретін құндылық
- авторОймақ
- Бүгін, 14:11
- 33

Өткен айда Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында және Петропавл қаласында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қолдауымен туризм, мәдениет, білім және жастар саясаты бағытында ауқымды халықаралық іс-шаралар өтті.
Бұл жоба – Қордың биылғы қызметіндегі ең маңызды бастамалардың бірі. Ол Түркі әлемінің материалдық емес мұрасы мен мәдениетін насихаттауға, сондай-ақ ел тарихындағы ұлы құндылықтарды әлемдік деңгейде танытуға бағытталған.
Бағдарлама аясында III Халықаралық суретшілер симпозиумы, «Мағжан орталығының» салтанатты ашылуы, «Біздің Мағжан» кітабының жеті тілде жарық көруі және «Ботай – Ұлы Даланың мәдениеті» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
Іс-шараларға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қатысып, халықаралық деңгейден келген ғалымдармен, 12 елдің суретшілері мен жас археологтарымен кездесті. Олар мәдени мұраны сақтау, туризмді дамыту және елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова шара барысында:
– Ботай мәдениеті – бүкіл адамзат өркениетіне қосылған ерекше мұра. Жылқыны алғаш қолға үйреткен ежелгі өркениет мекені ретінде Ботай тек Қазақстан тарихы үшін ғана емес, Түркі әлемінің де рухани қазынасы болып саналады. Ал Мағжан Жұмабаев – түркі жұртының еркіндік пен бірлік идеалын жырлаған ұлы ақын. Біздің міндетіміз – осындай асыл мұраны бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, әлемдік деңгейде насихаттау, – деп атап өтті.
Жоба аясында таныстырылған «Біздің Мағжан» кітабы – ақынның өмір жолын, шығармашылық мұрасын, ұлттық бірегейлік пен еркіндік идеалдарын жан-жақты қамтыған ерекше еңбек. Ол тек Қазақстан оқырмандарына ғана емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ құндылық ретінде ұсынылып отыр.
Айыртау төрінде өткен симпозиум мен ғылыми конференция барысында ғалымдар Ботай мәдениетінің әлемдік өркениет тарихындағы орнын айқындап, туризм мен ғылымдағы жаңа серіктестіктерге жол ашты.
Қорытындысында, бұл апталық бағдарлама өткеннің асыл мұрасын сақтап, бүгінгі ұрпақпен сабақтастырып, болашаққа бағыт сілтейтін рухани көпірге айналды. Ботай рухы мен Мағжан мұрасы түркі дүниесінің өткенін, бүгінін және болашағын біріктіретін мәңгілік құндылық болып қала бермек.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.