Әлем

Израиль армиясы Газаны толықтай басып алу жоспарын бекітті

Израиль Қарулы күштері Бас штабының бастығы Эяль Замир Газа қаласын басып алуға бағытталған шабуыл жоспарының «негізгі шеңберін» бекітті, деп жазады Анадолы

Бұл туралы Израиль армиясының ресми хабарламасында айтылды.

13 тамыз күні таңертең Израиль Қарулы күштері Бас штабының бастығы ішкі қауіпсіздік қызметі Шин-Бет өкілдерімен кездесіп, Газа қаласына жасалатын оккупациялық операция жоспарын талқылаған. Сол кездесуде жоспар мақұлданғаны хабарланды.

Кездесу барысында Израиль армиясының қазіргі операциялары мен Газаның оңтүстік-шығысындағы Зейтун ауданында жүргізілген шабуылдар да сөз болды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 7 тамызда Израильдің Қауіпсіздік министрлер кабинеті отырысында Бас штаб бастығы Эяль Замир Газа секторын оккупациялау жоспарына қарсы пікір білдіріп, бірқатар министрлермен қатты дауласқан.

8 тамызда Израильдің Қауіпсіздік кабинеті Палестина эксклавының солтүстігінде орналасқан Газа қаласын оккупациялау жоспарын ресми түрде мақұлдады.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Fox News арнасына берген сұхбатында Газа секторын толықтай басып алу ниетін ашық мәлімдеген.