Елордада «Президент Тоқаевтың дипломатиясы» атты монография таныстырылды
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломат ретіндегі қыры жаңадан баяндалған кітаптың тұсауы кесілді.
Авторлардың айтуынша, «Президент Тоқаевтың дипломатиясы» атты монографияда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшысы ретіндегі сыртқы саясат бағытына жан-жақты талдау жасалған.
Негізгі назар оның дипломатиясының үш басты қағидатына, сондай-ақ елдің сыртқы саясатын заманауи жаһандық сын-қатерлерге бейімдеуге аударылған. Оған Ауғанстан мен Украинадағы дағдарыс, климаттың өзгеруі және өзге де күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер жатады.
Сонымен қатар ерекше көңіл көрші саясатына, өңірлік интеграцияға және әлемнің жетекші державалары Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен және Еуропалық одақпен өзара іс-қимылына бөлінген. Бөлек бір тарау Қазақстанның БҰҰ, ШЫҰ, ҰҚҰ және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдардағы рөліне арналған.
Кітапта Қазақстанның геосаяси тұрақсыздық жағдайында сындарлы диалогқа, мүдде тепе-теңдігіне және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға ұмтылысы айқын көрсетілген.