Әнші Тамара Асар марқұм ағасы туралы естелігін бөлісті
Әнші қырық күн бұрын өмірден өткен ағасын сағынышпен еске алды.
Әнші Тамара Асар Instagram парақшасында марқұм ағасы Жақсылық Жанғазиев туралы естелігін бөлісті, – деп жазды Oimaqnews.kz .Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Өнер иесі жүрекжарды жазбасында мұнай саласының ардагері болған ағасы өмірде, өнерде бағыт беріп, өнеге көрсеткенін атап өткен. Әнші қырық күн бұрын өмірден өткен ағасын сағынышпен еске алды.
«Адал да әділетті, жан-жағынан жақсылығын аямаған Жақсылық деген ағам осыдан қырық күн бұрын өмірден өтті. Орденді мұнайшы, іскер басшы, жер ананың бауырында жанталаса тірлік кешкен, пенде атаулының арасында, бүкіл болмыс бітімі өзгеше жаратылған, дара тұлға, көш бастайтын кемеңгер,қол бастайтын батыр, ақыл-ойға өріс жасайтын мен үшін ғұлама Жақсылық Жанғазиев қоғам қайраткері, Қазақстан мұнай саласына еңбегі сіңген мұнайшы! Мені үлкен өмірге тәрбиелеген сүйікті ағам, жанашырым. Мен сізді қатты жақсы көрдім. Атыңызға кір келтірмеймін деп жүргенде тұлға болып қалыптасқанымды да байқамай қалдым. Сол үшін бас ием алдыңызда. Менің барлық жеке концерттерімнің жүру барысын, ұйымдастыруын, сценарийлерін әуелі осы кісі көреді, рұқсатын беріп, бекіткеннен кейін ғана жұмыс басталатын. Сырттан маған жетекшілік ететін. Айтқан сөздерімді, өткізген шараларымның ескертулерімен мақтауларын өз әке-шешемнен кейін осы кісімен үйіндегі Жұмағайша жеңгемнен күтетінмін… Қисық жүрмегенім, жаманға ермегенім, қарқылдап күлмегенім, қысқа кимегенім, нәпсіні сүймегінім, бөсіп сөйлемегенім бәрі сіздерден көрген өнегем мен тәрбием, аға. Жалы биік азаматты, жаны жылы жамағат болып, шығарып салдық. Лайымда елге жасаған жақсылығыңыз ұрпағыңызға қайтсын. Жаныңыз жәннатта болсын Жақсылық аға», - деп жазды әнші.