Трамптың туған күнінде АҚШ-та жаппай наразылық өтті
2025 жылғы 14 маусымда АҚШ астанасы Вашингтонда ел армиясының 250 жылдығына арналған ауқымды әскери парад өтті
Шара елдің 45-президенті Дональд Трамптың 79 жасқа толған күнімен тұспа-тұс келді. Ол мерекеге жұбайы Меланиямен бірге қатысып, сөз сөйлеп, жаңадан қабылданған сарбаздарға ант бергізді.
Парадқа шамамен 6600 әскери қызметкер, 50 тікұшақ және M1 Abrams жауынгерлік танкілері қатысты. Көрермендердің көпшілігі қолдарына АҚШ туын ұстап, бастарына «Make America Great Again» («Американы қайта ұлы етейік») деген жазуы бар қалпақ киіп барды.
Алайда, дәл осы күні АҚШ-тың Нью-Йорк, Филадельфия, Хьюстон, Лос-Анджелес сияқты ірі қалаларында Дональд Трамптың саясатына қарсы жаппай наразылық шерулері өтті. "No kings" ("Патшаларға жол жоқ") ұранымен өткен бұл акциялар «авторитаризмге, миллиардерлердің мүддесін көздейтін саясатқа және американдық демократияның милитаризациялануына қарсы» бағытталған, дейді ұйымдастырушылар.
Ел бойынша 2100-ден астам қалада өткен шерулерге бес миллионнан астам адам қатысқан. Алайда Миннесота штатындағы жоспарланған акция тоқтатылды. Себебі дәл сол күні, 14 маусымда онда Демократиялық партия өкілі оққа ұшып, тағы бір саясаткер жараланды. Полиция күдікті – 57 жастағы жергілікті тұрғынның көлігінен «No kings» деген жазуы бар парақтар тапқанын хабарлады.