Қасым-Жомарт Тоқаев: Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет
- авторОймақ
- 31 мамыр, 2025
- 78

Президенттің айтуынша, тарихқа деген көзқарас саяси ахуалдың ықпалында кетпеуі қажет. Бірақ өкінішке қарай, қазір бұл барлық жерде үйреншікті жағдайға айналды.
«Күні кеше ғана жер-көкке сыйғызбай мадақталған тарихи тұлғалар ғалым-сымақтардың қалауымен жағымсыз адамға айналып сала береді. Керісінше, бір кезде атына қара таңба басылған саяси қайраткерлер түрлі насихатшылардың арқасында танымал болып шыға келеді. Ал қуғын-сүргінді ұйымдастырушылар мен орындаушылар қаһарманға айналып кетті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі.
«Қазақ халқы тәуелсіз және егемен ел болу жолында сан түрлі қиындықты артқа тастап, көптеген сын-қатерді еңсерді. Сондықтан, тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет. Жалпыұлттық бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды. Тағы да қайталап айтамын: өткенді ұмытпай, төл тарихымызға құрметпен қарау – дұрыс, демек, біз тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.