Руханият

Ұлттық құндылық музей қорына табысталды

ҚР Ұлттық музейі қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын тұлғалардың мұрасын жинақтап, сақтауды жалғастырып келеді. Осы жұмыстар аясында музей қорына қоғам қайраткері Нұрмағамбет Сағынайұлына (Паң Нұрмағамбет) тиесілі көне кісе белдік ресми түрде қабылданды.

Музейге тапсырылған тарихи жәдігер Арқа өңірінің биі Сағынайдың ұлына арналып арнайы жасалған. Бұл құнды бұйымды музейге Паң Нұрмағамбеттің ұрпақтары тарту етті. ​Табыстаушы Марат Әскенұлы Нәби – анасы жағынан Сағынай бидің ұрпағы. Оның айтуынша, 1976 жылы атасы Нәби белдіктің күміс әшекейлерін сақтап, былғары бөлігін жаңартып, қайта қалпына келтірген.«Бұл белдік – біздің отбасымыз үшін жай ғана мұра емес, ата-бабамыздың рухани аманаты. Паң Нұрмағамбет – өз дәуірінің ғана емес, бүгінгі ұрпаққа да үлгі болатын тарихи тұлға. Оның мұрасын халықпен бөлісу – біздің азаматтық борышымыз», - деді Марат Әскенұлы.

Шара барысында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Әбсеметов С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романындағы Паң Нұрмағамбет бейнесіне тоқталып, оның тарихи рөліне жан-жақты талдау жасады.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына тән сәндік-қолданбалы өнер үлгісі болып табылатын бұл кісе белдік – қазақ ер-азаматының мәртебесі мен талғамын көрсететін маңызды жәдігер.

Сондай-ақ музей директоры Берік Әбдіғалиұлы Паң Нұрмағамбеттің асыл мұрасы еліміздің тарихы мен мәдениетін зерттеуге үлкен үлес қосатынын атап өтіп, белдік алдағы уақытта ғылыми айналымға енгізілетінін және арнайы тақырыптық экспозициялар арқылы көрсетілетінін жеткізді.

Нұрмағамбет Сағынайұлы (1848–1925) – Ақмола өңірінің тумасы, көрнекті қоғам қайраткері, бай-меценат, асыл тұқымды жылқы шаруашылығының негізін қалаушы, саятшылық пен этнография өнерін жаңғыртушы тұлға. Ол өмір бойы халқына қызмет етіп, төрт мәрте қажылық сапарға барған. 1908 жылы Шам қаласынан қазақ қажылары үшін арнайы үй сатып алып, ауылында ағаш мешіт салдырған.

1891 жылы Омбыға ІІ Николай келгенде, ол үшін сән-салтанатпен ақ киіз үй тіккізіп, 1000 жылқы сыйлаған. Аталған киіз үй қазіргі таңда Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы. Сонымен қатар, Паң Нұрмағамбет 1896 жылы ІІ Николайдың таққа отыру рәсіміне қатысқан. Әкесі Сағынайдың асы – қазақ тарихындағы ең ірі қоғамдық-мәдени оқиғалардың бірі болып есептеледі. Паң Нұрмағамбет Алаш қозғалысы жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовты қолдап, ұлт мүддесіне қаржылай көмек көрсеткен.